Телеарна туралы

1965 жылдың 1 қыркүйегінде Семей телестудиясының алғашқы хабары эфирге шықты. Бұл республикадағы Алматы, Қарағанды, Өскемен телевизиялық студияларынан кейінгі төртінші еді. 

1973 жылы мамыр айында тікелей эфир Семей мен Өскемен қалалары арасында өтті. Оған облыс басшылары қатысып, екі қала кезек-кезек бірлескен республикалық алғашқы телеэфир шықты.

Оны ұйымдастырған редакторлар Базанов пен Штыров еді. Мұндай телевизиялық форма 1980 жылдары қайта үрдіс алды. Телекөпір арқылы эфирде Семей жеңіл өнеркәсіп орындары өздерінің алматылық және қостанайлық әріптестерімен эфир арқылы сұхбаттасты.

(авторлары В. Базанов пен И. Бурлак).
Телевизия тарихында Семей облысы мен Семей қаласының өмірі және тарихы, «Қой шаруашылығы - жастар ісі», «Қала құрылысындағы жастарға қамқорлық» деген материалдар мен Қазақстан компартиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы Д.А.Қонаевтың Семей облысына сапары, Семей қаласының 250 жылдығына арналған телеочерктер сақталған. Осылардың ішіндегі аса құнды кинотүсірлім Ертіс өзеніндегі Шүлбі гидроэлектр станциясының құрылысы болатын.
 
Бүкілодақтық комсомолдық екпінді құрылыс саналған Шүлбі гидроэлектр станциясының құрылысын насихаттау студия тарихында ерекше орын алады.  БАҚ-та «Шүлбі екпінді құрылысы аймақтың энергетикалық мәселесін шешеді», деп жар салынғанымен, ядролық сынақтар құпияланып, қоғамнан жасырылды. Олжас Сүлейменовтің ұйымдастырған «Невада-Семей» қозғалысының алғашқы күндерінен бастап семейлік телевизия қызметкерлері оған қолдау көрсетті.
 
Ұжымға шығармашылық және техникалық жағынан сын болған дүниелердің бірі - ядролық полигон жұмыстарының салдарын зерттеуге байланысты өткен алғаш халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияны насихаттау. Осындағы келелі ойлар мен тартысты сұхбаттар толығымен ПТВС аппаратына жазылып, түрлі мекемелердің сұрауы бойынша бірнеше рет көшіріліп, Алматыдағы республикалық телерадио қорына жіберілді.
 
Семей телевизиясының мұрағатында ерекше сақталған айтулы оқиғалардың бірі -  ЮНЕСКО көлемінде өткен ұлы Абайдың 150 жылдық мерейтойы. Алайда, жай таспаға жазылған құнды мұраны сантаңбалық таспаға көшіру маңызды мәселе.
 
1995 жылы Семей облыстық студиясына «Ветакам» түсіру аппараттары мен монтаждау қондырғылары әкелінді. Осы техниканы жедел игерудің арқасында Семей телевизиясы республикалық телевизияның ақпарат кеңестігіндегі сенімді серіктесі бола білді. Мәселен, сол кезде Ертіс өзенінің үстінен салынып жатқан аспалы көпір құрылысын жүргізуші Жапонияның «Ишикавадзима харима» және Түріктің «Аларко алсим» құрылыс компанияларының атқарылған жұмыстары, жаңалықтар арқылы «Хабар», «Қазақстан» телеарналарынан ұдайы көрсетіліп отырды.
 
Аталған құрылыс 1997 жылы «Қазақстан-2030» стратегиялық бағдарламасына «Ғасыр құрылысы» ретінде кірді. 2004 жылы телеарна «Қазақстан» Республикалық Телерадиокорпорациясы» Акционерлік қоғамының Семей қалалық филиалы атауымен өзгертілді. 2009 жылы қайта тіркеуден өтіп, «Қазақстан» Республикалық Телерадиокорпорациясы» Акционерлік қоғамының Семей қаласындағы филиалы болып аталды.